ШӘКІР ӘБЕНОВ #facts@history_qaz #tulga@history_qaz Шәкір Әбенов(азан шақырып қойған аты — Мұхаммедшәкһүр) (01.03.1900, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды ауылы — 23.10.1994 ж., сонда) — халық ақыны, фольклоршы, сазгер. Мұсылманша сауат ашқан соң, Семейдегі “приходская школада” 3 жыл оқыған. С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлиндермен жақын таныс болған. Сейфуллинге атқосшы болып, ақынмен бірге Қазақстанның көп жерлерін аралаған. Әбеновтың халықтық дастанды жаңаша толғаммен жырлаған “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” поэмасы 1937 ж. “Әдебиет және искусство” журналында жарияланған соң ақындық атағы шықты. Сол жылы “халық жауы” атанып, ақыры көрші қырғыз еліне асып кетеді. 1939 ж. Алматыға қайтып оралып, Жанақ, Сабырбай, Түбек, Дулат, Байкөкше ақындардың әдеби мұраларын алғаш қағаз бетіне түсіріп Қазақстан ғылыми-зерттеу ордаларына тапсырды. Маман-зерттеушілер Әбеновтың орындауында ондаған ән-күйді нотаға түсірді. 1940 — 41 ж. Жамбылдың әдеби хатшылық қызметін атқарып жүргенде жалған айыптау негізінде ұсталып, Семей түрмесіне қамалды. Ұлы Отан соғысы басталған соң өз еркімен соғысқа аттанып, Сталинград майданында ауыр жарақат алып, елге қайтып келеді. 1945 ж. саяси қуғындау қайта басталып, Әбенов Сібірге, Александров абақтысына айдалды. 1955 ж. түрмеден босап, 1961 ж. толықтай ақталды. Абайдың әдеби мектебінің Кеңес дәуіріндегі белді өкілдерінің бірі ретінде танылған. Әбеновтың тарихи-танымдық тақырыптарды қозғаған “Кейпін батыр” (1939), “Таңшебер — Жапал” (1962), “Ортақ арал” (1968), “Қорқыт қобызы”, “Пәрмен”, “Алданған қыз”, “Патша мен байғыз”, “Ана махаббаты”, “Тоқтамыс батыр” атты дастандарды “Шыңғыстау” (1980), “Шыңғыстау сазы” (1985), “Дастандар” (1991) деп аталатын жыр жинақтарына т.б. басылымдарға енген. Айтыс ақыны ретінде кеңінен танымал оның Т. Әміреновпен айтысы “Айтыс” (3-т., 1968) жинағында жарияланады. “Алтай аруы”, “Сары жұлдыз” т.б. 20-дан астам төл ән-күйлері бар. Қарт шежіреші, батагөй қария Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ұлттық дәстүрде салтанатты жағдайда халық атынан ақ бата берген (10.12.1991).

Теги других блогов: facts@history_qaz tulga@history_qaz